Тәуелсіз елдің медиасы: қазіргі журналистиканың миссиясы қандай?

Фото: Life09

Бүгінгі таңда журналистика - жай ақпарат жеткізетін сала ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, азаматтық сананы тәрбиелейтін маңызды құралға айналды. Әсіресе, Тәуелсіз Қазақстан жағдайында БАҚ-тың миссиясы мен жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейе түсті.

Қазіргі журналистиканың негізгі міндеттері қандай?

Біріншіден - шынайы ақпарат тарату.
Жалған ақпарат пен фейк жаңалықтар қоғамның бірлігіне қауіп төндіретін заманда, журналистердің дәлелді, тексерілген дерек беруі - басты талап.

Екіншіден - ұлттық сана мен мәдениетті көтеру.
БАҚ ұлттық болмысты дәріптемесе, кім дәріптейді? Журналистика - тілімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымызды жаңғыртатын қуатты құрал.

Үшіншіден - жаңа медианың мүмкіндігін игеру.
Цифрлық технология дамыған дәуірде журналист тек жазушы емес, сонымен қатар видео-контент жасаушы, SMM маман, медиа-менеджер бола білуі қажет.

Осы тақырып төңірегінде біз журналист Жанайдар Майкен ағамызбен сұхбаттасқан едік.


– Қазіргі журналистиканың басты миссиясы қандай?

Жанайдар Майкен:
Қазіргі журналистиканың басты миссиясы - ақпаратты жедел жеткізумен қатар, оның шынайылығын, дәлдігін және қоғамға пайдалы болуын қамтамасыз ету. Қазір ақпарат өте көп, бірақ сапасы сын көтермейді. Сол себепті журналист тек ақпарат беруші ғана емес, сондай-ақ сарапшы, түсіндіруші, бағыт-бағдар беруші де болуы керек. Бүгінгі журналистің ең үлкен миссиясы - халық сенетін ақпарат көзі болу.

– Ақпарат ағыны көп заманда журналист нені басты назарда ұстауы керек?

Жанайдар Майкен:
Ақпарат тасқынында адаспай, оның ішінен ең маңыздысын іріктей білу - кәсіби журналистің шеберлігі. Әрбір жаңалықтың қоғамға әсері бар ма, оқырманға қажет пе, қоғамдық пікірді қалай қалыптастырады деген сұрақтар қойып көру керек. Сонда ғана өзің жазған дүниенің салмағы болады. Сондай-ақ фактчекинг, дереккөздің сенімділігі мен этикалық стандарттар әрқашан бірінші орында тұруы тиіс. Жаңалық қуамыз деп шындықты жоғалтып алмау қажет.

– Жастардың журналистикаға қызығушылығы қандай деңгейде?

Жанайдар Майкен:
Қазір жастардың ақпаратқа, медиаға қызығушылығы өте жоғары, бірақ дәстүрлі журналистикаға деген бетбұрыс сәл төмендеуде. Себебі жастардың көбі өзін блогерлік, контент-мейкерлік бағытта көреді. Дегенмен кәсіби журналистиканың маңызын түсінетін жас буын аз. Жас буын деп отырғаным 20-25 жас аралығындағы әріптестеріміз. Оларды ынталандыру үшін тәжірибелі мамандар тарапынан практикалық сабақтар, редакциялық орта қажет. Журналистика - ақпарат пен жауапкершілік қатар жүретін сала екенін жас буын сезінуі керек.

– Цифрлық медианың артықшылығы мен кемшілігі неде?

Жанайдар Майкен:
Цифрлық медианың ең үлкен артықшылығы - жеделдік, қолжетімділік және интерактивтілік. Ақпарат қазір бір сәтте миллиондаған адамға жетеді. Бірақ кемшілігі де сол - жылдамдық. Жеделдік сапа мен дәлдікті құрбан етеді. Жалған ақпараттың таралуы, манипуляция, “кликбейт” тақырыптар мен сенсация қуушылық этиканы құртуда. Сондықтан цифрлық дәуірдің журналисі тек технологияны меңгеріп қана қоймай, кәсіби стандарттарды да сақтай білуі керек.

Қорытындылай келе, бүгінгі журналистика - бұл миссия. Ол халықтың сенімін арқалай отырып, елдің рухани иммунитетін күшейтуі тиіс. Тәуелсіз елдің сөз бостандығы бар, алайда ол жауапкершілікпен қатар жүруі шарт. Журналист - шындықтың шырақшысы, ал журналистика - қоғамның айнасы.

Автор: Жан Тілеуқұлұлы