«Заң және тәртіп»: Бұқар жырау ауданында «Жас сақшы» сыныбы ашылды

gov.kz

Бұқар жырау ауданының Көкпекті жалпы білім беретін мектебінде алғаш рет «Жас сақшы» атты арнайы сынып ашылды. Оның мақсаты – оқушыларды тәртіп пен жауапкершілікке баулу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және азаматтық ұстанымын нығайту.

Сыныптың ашылу салтанатында Көкпекті мектебінің 6 «А» сыныбының оқушылары салтанатты түрде «Жас сақшы» қатарына қабылданды. 

Оқушылар ант беріп, саптық және әскери-спорттық дайындық элементтерін көрсетті.

Жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясында және Қарағанды облысының Полиция департаменті мен Білім басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асырылып отыр. Сондай-ақ бұл бастама ҚР Ішкі істер министрлігінің негізгі бағыттарының бірі саналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға, мектеп оқушыларының тәртібі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау саласына деген қызығушылықты оятуға бағытталған.

— Мұндай бастама идеясы алғаш рет 2022 жылы, мен Қарағанды қаласындағы Жақып Ақбаев атындағы мектептің директоры болып жұмыс істеп жүрген кезде пайда болды. Сол кезде оқушылардың құқық саласына қызығушылығын арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыруды көздедік. Әріптестеріммен бірге ІІМ-нің Б. Бейсенов атындағы академиясымен әріптестік орнатып, жобаны жүзеге асыруға қолдау таптық. Енді бұл бастама Бұқар жырау ауданында да табысты дамитын болады, — деді аудандық білім бөлімі басшысы Ерқанат Ермек.

Ерқанат Ермектің айтуынша, «Жас сақшы» сыныбында дәрістер сабақтан тыс уақытта өткізіледі. Арнайы бағдарламаға саптық және әскери дайындық, шахмат, би, кітап оқу, садақ ату және жүзу сабақтары енгізілген. Аптасына бір рет сабақтарды полиция қызметкерлері мен ІІМ академиясының офицерлері жүргізеді. Барлық оқу үдерісі тегін ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, жобаға қатысушы түлектерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде белгілі бір жеңілдіктер беріледі. Оқушылардың ата-аналары бастаманы зор ықыласпен қолдап отыр.

Құқықтық тәртіп негіздері, бастапқы әскери дайындық, өзін-өзі қорғау және командалық жұмыс сабақтары өтетін кабинетке Бұқар жырау ауданының тумасы, қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Қайрат Хомутовтың есімі берілді. Жаңа кабинет жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын қалыптастыратын орталыққа айналмақ.

— Біздің мектеп 1964 жылы ашылған. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, Кайрат Хомутовтың ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында біз «Жас сақшы» сыныбын ашып отырмыз, — деді мектеп директоры Гаухартас Жәмина.

Дереккөз: Gov.kz