Қарағандыда қар жауғалы бері ауа райының тұрақсыздығы байқалып отыр. Бір күні қар жауса, ертеңінде жаңбыр аралас жел соғып, нәтижесінде көше мен жолдар көк мұзға айналуда. Мұндай жағдай тұрғындарға ғана емес, коммуналдық қызметтерге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Көктайғақ — қыс мезгіліндегі ең қауіпті табиғи құбылыстардың бірі. Тұрғындардың тайып құлап, жарақат алу жағдайлары жиілеген. Жаяу жүргіншілер үшін ғана емес, жүргізушілер үшін де мұндай күндер қауіпке толы. Жол-көлік оқиғаларының саны артқан.
Мамандардың айтуынша, күннің күрт жылынып, артынан қайта суытуы жолдарда көптеген мұз қабатының түзілуіне себеп болуда. Мұндай жағдай түнгі және таңғы уақытта жиі байқалады.
Коммуналдық қызметтер көктайғақпен күрес жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құм мен тұз себіліп, тротуарлар тазартылуда. Алайда, мұндай қытымыр күндерде әр тұрғын өз қауіпсіздігіне ерекше мән беруі тиіс.
Автор: Жан Тілеуқұлұлы