Қарағанды тұрғындары соңғы кездері ауаның ластануы мен жағымсыз иісіне наразы. «Қала үстін жапқан сұр қабат пен күйіктің иісі қолқаны қауып, терең тыныс алуға мүмкіндік бермейді», — дейді. Осы мәселе аясында редакциямызға қала тұрғындары тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарды тілшіміз зерттеп көрді.
Халықаралық экологиялық мониторинг ұйымдарының дерегінше, Қарағанды — соңғы жылдары ауасы ең лас он қаланың қатарына енген. IQAir платформасының 2025 жылғы деректері бойынша, қаланың ауа сапасы индексі жиі “қызыл” деңгейге жетеді. Бұл дегеніміз — ауаның құрамында зиянды бөлшектер шекті деңгейден бірнеше есе жоғары деген сөз.

Фото: IQAir сайтынан скрин
«Бұл біз үшін өте өкінішті жағдай. Соңғы жылдары тіпті әлемдік ұйымдардың өзі бізді лас қала деп мойындауда. Біз әлемдегі ауасы лас он қаланың қатарына кіреміз. Бұл өтірік емес. Ұйымдардың есебінсіз-ақ жылыту маусымында сыртқа шықсаң жеткілікті. Ауаның ластығын, көк түтін мен күйіктің иісін бірден сезесіз», - дейді Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков.

Фото: Нұртөлеу Екібай
Қарағандыда газға қосылған үйлер көбейгенімен, тұрғындар жағдайдың жақсарғанын байқамайды.
«Ауа лас, демалу мүмкін емес! Жылы күндері терезені ашып қойғымыз келеді, бірақ бұл әзір мүмкін болмай тұр. Ауа таза емес, лас екенін барлығы біледі. Газға қосылу керек. Газға қосылса дұрыс болар еді », - дейді қала тұрғындары.
Кеншілер шаһарындағы көк түтін — тек экологиялық емес, әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етуде. Мамандардың айтуынша, мұндай лас ауа әсіресе балалар мен егде жастағыларға қауіпті.
«Бұл өкпе ауруларының қабынуына алып келеді. Бронхит, астма басқа да өкпе ауруларына алып келеді. Ауаның ластығы аяғы ауыр келіншектердің ерте босануына да әкеліп соғады. Инсульт қаупі де бар», - деді Жалпы практика дәрігері Арайлым Медетова.

Фото: Нұртөлеу Екібай
. Автор: Ақсая Маратқызы