Қарағандылық кәсіпкерлер: қолөнерден брендке дейін

Фото: Life09

Қарағандыда заманауи идея мен табандылықтың арқасында табысты кәсіпкерге айналған жастар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – ағаштан бұйымдар жасап, өз ісін одан әрі дамытып, Samgaprint шеберханасының негізін қалаушылар. Бүгінде шағын шығармашылық топ өз ісін кеңейтіп, қаланың жарнама және дизайн нарығында өзіндік орнын қалыптастырып келеді.

Samgaprint – Қарағандыдағы үздік шеберханалардың бірі. Бұл кәсіпті шығармашылыққа әуес достар бірігіп бастаған. Олардың мақсаты – қарапайым ағаш бұйымдарын заманауи көзқараспен жаңғыртып, ұлттық нақышты қазіргі дизайнмен үйлестіру болған.

Жас болса да өз ісінің көшбасшысы атанған жетекшілердің бірі – Серік Әлімжанов. Ол командасымен бірге бұл кәсіпті 2018 жылы бастаған. Алғашында шағын шеберханада ағаштан лазерлік станок арқылы шежірелер мен тойға арналған қораптар жасаумен айналысқан. Кейін сұраныс артып, шеберхана кеңейіп, тапсырыс берушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы дүкен ашқан.

Уақыт өте келе Samgaprint қызмет аясын ұлғайтып, сыртқы жарнама, бұйым  беттеріне сурет және жазу салу сынды бағыттарды да игеріп шыққан.

Бүгінде шеберхана заман талабына сай құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кәсіп иелері өндіріс көлемін арттыру мен өнім сапасын жақсартуға ерекше мән береді.

«Біз үшін ең бастысы – сапа мен ерекшелік. Соның арқасында біздің тапсырыс берушілер қатарында ірі компаниялар, жоғарғы оқу орындары мен мемлекеттік мекемелер бар», - дейді жас кәсіпкер.

Серік Әлімжановтың айтуынша, Қарағандыда бұл саладағы бәсекелестік жоғары деңгейде. Дегенмен, өз ісіне деген сүйіспеншілік пен табандылықтың арқасында Samgaprint өз бренді мен беделін қалыптастырып үлгерді.

Қарапайым ағаш шежіреден басталған шағын кәсіп – бүгін де табысты брендке айналды. Samgaprint – қарағандылық жастардың еңбегі мен бірлігінің айқын дәлелі.

Айдана Таңатар

Life09 ақпарат агенттігі