Қарағанды облысында ерекше балалардың ата-аналары мен билік өкілдері маңызды мәселелерді бірлесе талқылады

Gov.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарымен кезекті кездесу өткізді. Бұл жолы әңгіме инклюзияны дамыту, мәдениет пен спорт салаларында қолжетімді ортаны қалыптастыру, сондай-ақ ерекше балаларды жұмыспен қамту мәселелеріне арналды.

Мәселен, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Мәдениет үйінде шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Ал «Интеграция» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандар мен кәсіби әртістерді біріктіріп, оларды ортақ өнер кеңістігінде табыстырған. Есту қабілеті шектеулі адамдардың Мәдениет үйінде жеті шығармашылық бірлестік пен түрлі қызығушылық бағытындағы үйірмелер ашылған. Сонымен қатар өңірде 16 жастан асқан ерекше жандарға арналған «Бізбен бірге бол!» интеграциялық орталығы жұмыс істейді. Мұнда қатысушылар қолөнер мен шығармашылық бағыттар бойынша білім алып, кәсіби және әлеуметтік дағдыларын дамыта алады.

– Бұл орталықта қолданбалы өнер шеберханалары жұмыс істейді. Жалпы біздің жұмысымыз кешенді сипатқа ие, ол театр өнерін, кітапханалық қызметті, шығармашылық оқытуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтиды. Қазір инклюзивті театр құру мүмкіндігін зерделеп жатырмыз, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісұлы.

Кездесуде иппотерапия жобасына да ерекше көңіл бөлінді. Атпен серуендеу арқылы балалардың қозғалыс үйлесімділігі мен өз-өзіне сенімділігі артады. Бағдарлама қазір Қарағанды қаласында жүзеге асып жатыр, ал келесі жылы Теміртауда іске қосылмақ.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері менталдық ерекшелігі бар жасөспірімдерді «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тарту тәжірибесімен бөлісті. Бұл бастама балаларға алғашқы еңбек дағдыларын меңгеріп, өз күшіне сенім ұялатып, қоғамға бейімделуге көмектескен.

Ермағанбет Бөлекпаев мұндай кездесулердің ата-аналардың нақты проблемаларын тыңдап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Барлық мәселе кезең-кезеңімен, ең өзекті бағыттардан басталып шешілетін болады. Ең бастысы – тоқтап қалмай, жүйелі түрде алға жылжу, – деді аймақ басшысы.

Кездесуге қатысқан ата-аналар ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетіліп жатқан қамқорлық пен қолдау үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің нақты нәтижесін атап өтті.

– Соңғы жылдары облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалар елеулі ілгеріледі. Көптеген бастамалар жүзеге асырылды. Біз үнемі сұрақтар қойып, ұсыныстар айтамыз – билік өкілдері мүмкіндігінше барлығын орындауға тырысады. Иә, бәрі бірден болмайды, бірақ ілгерілеу айқын сезіледі. Біздің өңірде басқа облыстарда кездеспейтін ерекше жобалар бар. Мәселен, спорт саласында – менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған жүзу секциясы, ал медицинада – жалпы анестезиямен тіс емдеу қызметі жолға қойылған, – деді «Батыл жүрек» қорының тең құрылтайшысы Оксана Югай.

Кездесу барысында көпқабатты үйлерде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына да назар аударылды. Қалада арбамен жүретін адамдарға арналған заманауи көтергіш құрылғылар сатып алынды. Бұған дейін тұрғындар жоғары қабаттардан түсу қиындығына жиі шағымданатын. Енді бұл мәселе шешімін тауып, өңірде кедергісіз орта қалыптастыру бағытында нақты қадам жасалды.