Көлік министрінің 2025 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидаларына өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, ұшар алдында және қонған кезде шекаралық бақылаудан өту тәртібі нақтыланды.
Сонымен келесі талаптар белгіленді:
- әуежайдың шекара қызметімен келісілген, жолаушылардың ұшу/келу рәсімінің уақытына қатысты стандарттың болуы;
- бақылаудан өтуге дейін жолаушыларға рәсімнен өту талаптары туралы ақпараттың ұсынылуы;
- паспорттық бақылау кезінде жолаушыларға қызмет көрсету жылдамдығының шекара қызметімен келісіліп, оның орындалу барысын бақылау;
- жылына бір миллионнан астам жолаушы ағыны бар әуежайларда автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесінің болуы. Аталған жүйемен жабдықтау сенімгерлік басқаруға немесе жекеменшікке берілген әуежай операторына жүктеледі;
- жолаушылар ағынына қарай шекаралық бақылау қызметі персоналының тәуліктік жұмыс кестесінің әуежаймен келісіліп, өткізу қабілетін жедел арттыру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- персоналдың сыртқы келбетіне қойылатын қызмет талаптары стандартының және оның орындалуын бақылаудың болуы.
Сондай-ақ, құжатта шекаралық бақылаудан өту кезінде жолаушы үшін рәсімнің қарапайым әрі жылдам болуы және шекаралық бақылау қызметі персоналының сыпайы болуы тиіс екені көрсетілген.
Бұйрық 2025 жылғы 19 қазаннан бастап күшіне енеді.
Биыл жазда еліміздің әуежайларында тексеру барысында тәркіленген, тасымалдауға тыйым салынған заттардың ендігі уақытта сақталмайтындығы туралы хабарлаған едік.