Жезқазғанда коммуналдық желілерді жөндеу кезінде жұмысшы қаза тапты

Сурет: freepik.com

Жезқазғанда жер қазу жұмыстары барысында мердігер ұйымның қызметкері көз жұмды. Оқиға 8 қазан күні шамамен сағат 14:00-де Теміржолшылар көшесінде болған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Қала әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай Теміржолшылар көшесі, 21- 23 мекенжайындағы кәріз желілерін жөндеу кезінде тіркелген. Аталған жұмыстарды Жезқазған қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен жасалған келісімшарт аясында «Бектан» ЖШС орындап жатқан.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 1975 жылы туған жұмысшы жер қазу барысында шамамен екі метр тереңдікте топырақ астында қалып қойған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын айтты.

Қала әкімдігі марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды.

Ұлытау облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша Жезқазған қаласы полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігі — «Еңбекті қорғау талаптарын бұзу, адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Айта кетейік, 1 қазан күні Қарағандыда да осындай жағдай тіркелген еді: кәріз құбырларын жөндеу кезінде 18 жастағы жігіт пен 41 жастағы әріптесі опырылған топырақ астында қалып, мерт болған.