Қарағандылық атлеттер Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков батут гимнастикасынан 179 ұпай жинап, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. Спортшылар маусым бойғы табысты өнер көрсетуімен өздерінің көшбасшылық деңгейін айқын дәлелдеді.
Әлемдік біріншілік биыл ақпан айында Әзербайжанның Баку қаласында басталды. Сол жарыста қарағандылық дуэт күміс жүлдеге ие болды. Шілде айында Португалияның Коимбра қаласында өткен Әлем кубогының үшінші кезеңінде спортшылар төртінші орын алып, жүлдеден сәл ғана қалыс қалды. Ал екі айдан кейін Германияның Котбус қаласында өткен келесі кезеңде үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Қарағандылық гимнасттар басқа да беделді жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әзербайжанда өткен ТМД елдерінің III ойындарында да медаль иеленді. Бұл додаға сегіз елден 1840 спортшы қатысқан болатын.
– Сайыс деңгейі өте жоғары болды. Оған Олимпиада чемпионы, белорусиялық Иван Литвинович секілді мықты спортшылар қатысты, – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері, Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сергей Вертянкин. – Соған қарамастан, командадағы ең жас спортшымыз Никита Тумаков тамаша өнер көрсетіп, қола медальға ие болды. Айта кетерлігі, ол іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен болатын.
Бұл Никитаның жеке секіру бойынша халықаралық деңгейдегі алғашқы жүлдесі саналады.
Сонымен қатар, тағы бір қарағандылық спортшы Ерлан Тасмағанбетов те жақсы нәтиже көрсетіп, синхронды секіруде үшінші орынға ие болды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша