Қарағанды облысында жаңа тур-маршрут ашылды

Суреттер: «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығынан

Қарқаралыда «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған «InfoDrive» джип-туры өтті. «Visit Qaraganda» – Қарағанды облысында туризмді дамыту үшін туризм басқармасы жанынан құрылған болатын. Мұнда өңірдің табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері, сондай-ақ жергілікті операторлар ұсынатын турмаршруттар мен қызметтер туралы мәліметтер алуға болады.

--

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласындағы түйткілді мәселелерге назар аударды. Биылғы Жолдау барысында Президент туристік жерлердің барлығын ретке келтіру жұмыстарын жеке бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру тапсырмасы берілді. Осы тапсырма аясында «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығы аймақ туризмін дамыту үшін тың жоспарлар мен жобаларын бекітіп, бірқатар жұмыс атқаруда.

«Аймағымыздың саяхат үшін тартымдылығын көрсету, жаңа бағыттар ашу үшін туристік орындардың жол көрсеткіш және карта-схемаларын әзірлеу, сондай-ақ, дайындау жоспарланған. Сапар орталығы тек келушілер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін де қызықты болады. Туристік ақпараттық орталық ел туризмін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сервисті жақсартуға, сондай-ақ кешенді туристік өнімдерді, жаңа туристік аумақтарды дамыту бағдарламалары мен тұжырымдамаларын жасауға жәрдемдесуі тиіс», – дейді «Visit Qaraganda» туристік ақпараттық орталығының директоры Бақтияр Бекмырзаев.

--

Бұл жолғы сапар Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралының көрікті жерлерімен танысу мақсатында ұйымдастырылды. Ақпараттық турға туроператорлар, туризм саласының өкілдері, журналистер, блогерлер қатысты. Қатысушылар алдымен Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіне барып, археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігерлермен танысты.

«Музейде сонау тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Қарқаралының дамуы мен өлкенің тарихы көрсетілген 7 зал бар. Мұнда ғылыми зерттеу, жәдігерлерді жинау, сақтау және методикалық жұмыстар толыққанды жүргізіледі», – дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің  ғылыми қызметкерлері.

--

Қарқаралыдан Қасым Аманжолов ауылына барар жолдағы Найза асуынан өткеннен кейін жол айырығында Кімасарға апарар жол бар. Тарихи-өлкетану музейінен кейінгі бағыт Кімасардың – «Бескөл» шыңын бағындырумен жалғасын тапты. Айта кететін бір жайт, бұл – Қарқаралы жерінде ашылған жаңа тур-маршруттардың бірі болды.

-

Екінші күні тур қатысушылары Бұғылы тауының басына біткен Шайтанкөлді көріп, мұндағы көрсе көз сүрінер, сөзбен айтып жеткізгісіз сұлулыққа куә болды. Сонымен қатар, сапар барысында кәсіби гид ашық аспан астында шатыр (палатка) құру бойынша шеберлік сағатын өткізді.

Әрі қарай туристік топ кезінде Құнанбайдың пәрменімен бірде-бір шегесіз салынған көне мешіттің тарихымен танысты. Құнанбай қажы мешіті - ағаш бөренелерді қиюластыра орналастырып бір де бір шеге қолданбай жасалған екі қабатты ғимарат. Архитектуралық жоспар бойынша бұл ғимараттың ені 15 метр, ұзындығы 11, ал биіктігі 6 метрді құрайды. Мұнда бір уақытта 300 адам намаз оқи алады. Жалпы, мешіттің жобасын құрған сәулетшінің есімі белгісіз.

«InfoDrive» ақпараттық туры Жосалы шипажайында тәмамдалды. Шипажай – Қарағанды қаласынан 130 км қашықтықта Қарқаралы қорық аймағының көркем жерінде орналасқан. Мұндағы ауа саф таза. Бұл «Жосалы» шипажайында дала және орман аймақтарының үйлесуімен түсіндіріледі. Орманды алқапта өсетін қайың, көктерек және қарағай ағаштарынан бөлінетін таза ауа адам ағзасы үшін өте пайдалы. Шипажай аумағында бірегей емдік қасиеттері бар тамаша тоған орналасқан. Көлдің тұщы суы минералды көздермен толықтырылатындықтан, денсаулық үшін пайдасы орасан зор.

-

Қарқаралы – аты аңызға айналған өлке. Тарихы терең, табиғаты сұлу, тылсымы мол бұл аймақ ежелден-ақ саяхатшылардың қызығушылығын оятқан. Қарқаралы енді тек демалуға ғана емес, инвестиция салуға болатын өңірге айналып келеді. Бұл – кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін ашық мүмкіндік алаңы, ал, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс пен жаңа кәсіп көзі. Табиғаттың көркем келбеті мен адам қолымен жасалып жатқан игі өзгерістер бұл өңірді Қазақстанның туристік жүрегіне айналдыруға болатындығының айқын дәлелі.

 

Мирас СӘУЛЕХАН,

«LIFE09» ақпарат агенттігі.