Қарағанды облысында күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр

.

1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Бүгінде Қарағанды облысынан жүзден астам жас сарбаз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне аттанды. Алдағы айларда әскер қатары Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның бөлімшелерімен толықтырылмақ.

– Қазіргі таңда оң үрдіс байқалады. Бізге әскерге өмірлік көзқарасы қалыптасқан, саналы жастар келіп жатыр. Көпшілігі жоғары немесе арнаулы орта білімі бар, кәсіби дағдыларға ие және не үшін әскерге бара жатқанын жақсы түсінеді. Бұл – қоғамдағы азаматтық жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді Қарағанды облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Дмитрий Буксман.

Әскерге шақырылушыларға шақыру қағазы мен SMS-хабарламалар жолданады. Осыдан кейін олар тұрғылықты жері бойынша Қорғаныс істері басқармасына барып, медициналық комиссиядан өтеді. Тексеру қорытындысы бойынша әскерге жарамдылық дәрежесі анықталады.

Биылғы күзгі шақырудан бастап әскерге шақырылушылар жаңа психологиялық тестілеуден өтуде. «PSY-РИСК» әдістемесі психоэмоционалдық тұрақсыздық пен суицидтік бейімділікті ерте анықтауға бағытталған. Жаңашылдық әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әскери бөлімдерде салауатты моральдық-психологиялық ахуал орнатуға мүмкіндік береді.

– Әрбір жігіт Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс деп есептеймін. Біздің отбасымызда әскерге бару дәстүрге айналған: әкем үш жыл теңіз флотында қызмет етті, ағаларым да әскери борышын өтеді. Енді кезек маған келді. Бұл жолды абыроймен өткерсем деймін, – дейді жас сарбаз Асылжан Мүскінов.

Айта кетейік, мемлекет әскерилерге бірқатар әлеуметтік кепілдіктер ұсынады. Қызмет мерзімі бойы және запасқа шыққаннан кейінгі 60 күн ішінде несие төлемдері кейінге шегеріледі. Сондай-ақ борышын өтеген жастар Ұлттық бірыңғай тестілеусіз-ақ жоғары оқу орындарына тегін түсе алады.

Қарағанды облысы Қорғаныс істері департаментінің ақпараты бойынша