Қарағандылық дуэт Германияда өткен әлем кубогында алтын медаль иеленді

Gov.kz

Германияның Котбус қаласында батут гимнастикасынан 2025 жылғы Әлем кубогының төртінші кезеңі өтті. Қарағандылық спортшылар Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков жарыстың чемпиондары болып танылды.

Байрақты бәсекеге 13 елден 57 спортшы қатысып, бес жиынтық медаль сарапқа салынды.

Қарағандылық дуэт синхронды секіру сайысында 52,200 ұпай жинап, қарсыластарын артта қалдырды. Екінші орынға әлем чемпиондары – германиялық Кайо Локстерман мен Фабиан Фогель (52,050) жайғасса, үшінші орынды әлем және Еуропа чемпиондары – британдық Зак Перзаманос пен Кори Уолкс (51,530) иеленді.

Жеңімпаздарды жаттықтырушы Сергей Вертянкин дайындады.

Айта кетерлігі, Мұсабаев пен Тумаков үшін бұл маусым табысты өтіп келеді. Биыл ақпанда олар Әзірбайжанда өткен әлем кубогы кезеңінде күміс жүлде алған болатын.

Данил Мұсабаев – Қазақстан спортындағы жұлдыздардың бірі, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері әрі 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадаға қатысушы. Ал 18 жастағы Никита Тумаков үшін сол күміс – әлемдік деңгейдегі алғашқы медаль еді. Енді ол алтынды да қанжығасына байлады.

Бұл туралы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады