Қарағандыда жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтті

Сурет: Аманат партиясы

Қарағандыда «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі облыстық кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды. Жиынға жастар ұйымдарының өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары және мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты.
Бұл жолғы кеңесте жастар үшін маңызды үш мәселе талқыланды:
•    «Бір ваучер – бір бала» жобасының жүзеге асу барысы;
•    Қалалар мен ауылдық жерлерде аула клубтарының жұмысы;
•    Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттік жатақханалардың дайындық деңгейі.
Кеңес барысында жастар өкілдері күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, жатақханалардағы тұрмыстық жағдай, спорт және мәдени демалыс орындарының қолжетімділігі, сондай-ақ балалардың қосымша білім алуына мүмкіндік беретін жобалардың маңызы ерекше аталды.
Баяндамашылар ретінде Қарағанды облысының білім басқармасы мен бірнеше қала, аудан әкімдіктерінің өкілдері сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қоғамдық пікір көшбасшылары жастар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында ойларын ортаға салды.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының кеңесшісі - Тілек Кәрібек:
«Бұл кеңестердің басты құндылығы – жастардың өз мәселелерін тікелей жеткізуіне мүмкіндік береді. Біз тек мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешу жолдарын ұсынамыз. Бұл – жастардың дауысы естіліп, олардың мүддесі қорғалатынын көрсететін ашық алаң», – деді.
Кеңес мүшелері жиын соңында жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға қатысты бірнеше ұсыныс енгізді. Алдағы уақытта Кеңес жастардың құқықтарын қорғау, сапалы білім алуына жағдай жасау және қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырады.