Қарағанды облысында агротехнологиялық хаб құрылады – мұнда озық ғылыми әзірлемелер, білім беру бағдарламалары және бизнес-платформалар шоғырланбақ. Ол ауыл шаруашылығының инновациялық өсуіне, өнімділік пен өнім сапасын арттыруға, сондай-ақ білім мен технологияларды экспорттау алаңына айналуы тиіс.
Осакаров ауданында сыйымдылығы 28 мың тонна болатын заманауи элеватор салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жақын маңдағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімді тасымалдау және сақтау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Қарағандыда өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы талқыланды. Онда Президент жүктеген міндеттердің Қарағанды облысында жүзеге асырылу барысы қаралды.
Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің агроөнеркәсіп кешенін трансформациялау жөніндегі нақты міндеттерді айқындады. Басымдықтар қатарында – аграрлық ғылымды жаңғырту, агротехнологиялық хабтар құру, экспортқа бағытталған өндірісті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саланы цифрландыру және ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдау бар.
– Біздің өңір агроөнеркәсіп секторы дамыған аймақ. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс алқаптарын да, ірі қара мал басын да едәуір көбейтті. Біз 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 14-ін өндіреміз, ал 6 өнім түрі бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз еттік, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірде ауыл шаруашылығы кооперациясы дамып, инфрақұрылым жаңартылуда, егістік көлемі кеңеюде. Облыста жалпы құны 23 миллиард теңгеден асатын 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 480-нен астам шағын несие беріліп, 816 жұмыс орны ашылды, ондаған кооператив құрылуда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, климатқа төзімді технологияларды енгізуге, аграрлық ғылымды дамытуға, кадр даярлауға және ғылым, білім мен өндірісті тікелей біріктіру тетіктерін құруға ерекше көңіл бөлінуде.
– Биыл 1100 басқа арналған, жылына 9 мың тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жылына 200 тонна сүт өнімдерін шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Қуаттылығы жылына 55 мың тонна болатын, 6 мың басқа арналған ірі сүт фермасы салынып жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын құрып, өңірдің азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттырады. Облыста қайта өңдеу өнеркәсібі де белсенді дамуда: ет, сүт, ұн тарту және нан-тоқаш өндірістерін қоса алғанда, 207 кәсіпорын жұмыс істейді. Мұның бәрі отандық қана емес, шетелдік инвесторларды да тартып отыр, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.
Техникалық қайта жарақтандыруға да айрықша назар аударылуда: ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылып, лизингтік қаржыландыру дамуда, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш пен асыл тұқымды мал шығындары субсидиялануда. Дәлме-дәл егіншілік элементтері, цифрлық технологиялар және аграрларды оқытудың заманауи тәсілдері енгізілуде.
Өңірде эпизоотикалық жағдайды қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде алдын алу, диагностика және инфрақұрылымды дамыту бағыттары бар. Модульдік ветеринарлық пункттер салынуда.
– Жүйелі тәсілдің арқасында Қарағанды облысы Мемлекет басшысы жүктеген АӨК-ті дамыту, азық-түлік, ветеринарлық және экологиялық қауіпсіздікті арттыру және ел экономикасын нығайту жөніндегі стратегиялық міндеттерді орындауы тиіс, – деп түйіндеді Руслан Кенжебеков.