Қарағанды облысында жылыту маусымына бір жарым мың шақырымнан астам инженерлік желілер дайындалды

gov.kz

Қарағанды облысында жылыту маусымына жеті энергия көзі, алты жүз жергілікті қазандық және бір жарым мың шақырымнан астам инженерлік желілер дайындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, бүгінгі таңда жылу көздерінің дайындығы 95 пайызды құрайды.

— Жеті негізгі энергия көзінде жабдықтарға жыл бойғы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 24 қазандық пен 16 турбинада жөндеу аяқталды, қазір 13 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар жалғасуда, — деді ол.

Теміртауда жылыту маусымының сенімді өтуін қамтамасыз ету үшін ЖЭО-2-де №7 қазандық пайдалануға берілді. Қарағандыда биыл Оңтүстік-Шығыс ауданын үшінші жылу шығару желісіне қосу жоспарлануда.

— Биыл бұл аудан сапалы әрі тұрақты жылумен қамтылады деп күтеміз, — деді Тілектес Досаев.

Станциялар қоймаларына отын жеткізіліп, жергілікті жылу көздері мен халықтың қажеттілігі үшін көмір қоры жасақталуда. Ерекше көңіл жылу желілерін қайта құруға бөлінген. Өйткені қалалар мен аудандардағы тозу деңгейі 60-70 пайызды құрайды. Облыстық бюджет есебінен алты ірі жоба, республикалық бюджет есебінен үш жоба жүзеге асырылуда.

— Теміртауда тозу деңгейі 70 пайызға жеткен ТМ-2 және ТМ-3 жылу желілерінде жұмыстар жүріп жатыр. Негізгі жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтаймыз, — деп түсіндірді басқарма басшысы. — Қарағандыда да төрт жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың нәтижесінде апаттардың саны азаюы тиіс.

Ұқсас жұмыстар Балқаш пен Приозерск қалаларында да жүргізілуде. Өңірде жаңа қазандықтар салынып, қолданыстағылары жаңғыртылуда. 2025–2026 жылғы жылыту маусымына үш модульді қазандықты іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Молодежный кентінде іске қосылған қазандық елді мекеннің жартысын жылумен қамтыды. Биыл тағы бір қазандық жұмыс істеп, кент толық қамтылатын болады. Жаңа қазандықтар сондай-ақ Оңтүстік кентінде және Жартас ауылында салынды.

— Саранда жылыту маусымына дайындық барысында өткен жылғы қателіктер ескерілді. Орталық қазандықта жаңа жабдық орнатылып, модернизация жасалды. Бұдан бөлек, 25 жылдан астам уақыт бойы орталықтандырылған жылу болмаған Горняк ықшамауданындағы тұрғын үйлер де жүйеге қосылады, — деді Тілектес Досаев.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары халықпен профилактикалық шаралармен қатар жүргізілуде. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау ескертіледі. Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаевтың айтуынша, әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 5151 тұрғын үйдің тізімі жасалды.

— 15 тамыздан бастап осындай үйлерді аралау жұмыстары басталды. Қызметкерлер әкімдік өкілдерімен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, үйлерге түтін және өрт хабарлағыштарын орнатуда. 2018 жылдан бері 8000-нан астам хабарлағыш қойылды, — деп нақтылады басқарма басшысы.