Қарағандыда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

Gov.kz

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облыстық филиалында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қорытындысы шығарылды. Он жартылай финалисттің ішінен үздік үш қатысушы жеңімпаз атанды.

Аталған жобаның көрмесі биыл маусым айында Қарағандыда өткен болатын. 

Оған өңірдің 60-қа жуық кәсіпкері қатысып, жергілікті шикізаттан дайындалған өнімдерін ұсынды. 

Көрмеде сүт өнімдері, керамика, киім-кешек, киіз бен былғарыдан жасалған бұйымдар, биогумус және басқа да тауарлар таныстырылды.

Көрме қорытындысы бойынша он кәсіпкер жартылай финалға өтті. Ал тамыз айының соңында олар өз жобаларын бренд-комитет алдында қорғап шықты. Нәтижесінде финалға үш кәсіпкер жолдама алды. Олар – Қарқаралыдан Арайлым Қыстаубай, Қарағандыдан Дәмелі Ермекова және Шет ауданы Жарық кентінен Жанар Қаңтарбаева.

Арайлым Қыстаубай жүннен бұйымдар дайындаумен айналысады.

Дәмелі Ермекова – дәстүрлі қазақ өнері мектебі QazynaSchool негізін қалаушы. Ол қыздар мен әйелдерге ұлттық кесте, тігін және қолөнердің басқа да дәстүрлі түрлерін үйретеді. Сондай-ақ ол этностильдегі қолөнерге арналған арнайы жиынтықтардың өзіндік желісін іске қосты.

Жанар Қаңтарбаева – Fresh Cheese брендінің авторы. Ол жергілікті фермерлерден алынған сүттен құрт, май және түрлі крафт-сырлар өндіреді. Өнім қатарында халлуми, качотта, моцарелла, рикотта, чечил, қаймаөты және голланд ірімшіктері бар.

Бұл үш финалист Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейде өнер көрсетпек. Жеңімпаздардың облыс әкімінің гранттар байқауына қатысу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар олар республикалық әрі халықаралық көрмелерге шақырылуы ықтимал. Осылайша, кәсіпкерлер үшін шетелдік нарыққа шығу әлеуеті ашылуда.

– Жартылай финалға шыққандар да назардан тыс қалмайды. Оларды да «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдап, қажетті кеңес береді. Бұдан бөлек, олар әлеуметтік кәсіпкерлермен қатар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастыратын гранттық байқауларға қатыса алады, – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Фариза Аулбаева.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының түпкі идеясы алғаш рет 1970-жылдары Жапонияда пайда болды. Жергілікті шикізатты пайдалануға ынталандыру арқылы ел үкіметі ауылдардан экономикалық белсенді халықтың көшу мәселесін шешкен. Бүгінде бұл жоба әлемнің 30 елінде, соның ішінде Қазақстанда да табысты жүзеге асырылып келеді.