2024 жылғы Президент Жолдауын жүзеге асыру: Жүйелі реформалар еліміздегі медициналық көмек көрсету сапасы мен қолжетімділігін қалай арттыруда

Primeminister.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жандандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру міндетін қойды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде денсаулық сақтау саласын сапалы түрде жаңғыртуға бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Басты мақсат – халықтың өмір сүру жасын ұзарта түсу. 2025 жылы 14 шілдеде міндетті медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа Заңға қол қойылуы маңызды қадамдардың бірі болды.

«Мемлекетіміздің ерекше басымдықтарының бірі – халықтың денсаулығын қорғау. Біздің мақсатымыз 2029 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Жалпы бұл мақсат қолжетімді. Жыл сайынғы динамикада халықтың денсаулығының оң көрсеткіштері байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы арқасында халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік туып отыр», – деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Профилактикалық скринингтер мемлекет кепілдік беретін медициналық қызметтер пакетіне енгізілді

МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі үш есеге артты. Бұл халықтың жоғары технологиялық және қымбат қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді. 

Енді барлық медициналық көмек нақты екі бөлікке бөлінеді: ел тұрғындарының барлығына мемлекет толық кепілдік беретін базалық пакет және сақтандырылған азаматтарға арналған кеңейтілген сақтандыру пакеті.

«14 шілдеде тиісті Заңға қол қойылды. Осы Заң бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі пакеттерінің ара-жігі нақты бөлінетін болады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға ең көп таралған және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша скринигтер қолжетімді болады. Онкологиялық, жүрек қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған скринигтердің жаңа түрлері енгізілуде. Сондай-ақ мидағы қан айналымы бұзылуын ерте анықтау үшін 50 жастан асқан ер азаматтарымызға жаңа скриниг түрі енгізіледі. Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туған жағдайда тексерулер барлығына тегін болады», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

2026 жылға қарай МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылады

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыру көзделген.

Әлеуметтік осал топтарды МӘМС-пен қамтуды кеңейту: Халықты барынша жүйеге тарту мақсатында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдардың төлеу тетігі енгізіледі. Бұл норманы жүзеге асыру 2026 жылға қарай қосымша 1 млн-нан астам адамды МӘМС жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.

Әділ жарна жүйесін енгізу: Әлеуметтік әділеттілік қағидатын сақтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударым жасалатын кірістің жоғарғы шегі алынып тасталады. Бұл тәсіл азаматтардың жүйеге үлесін олардың табысына сай етіп, сала бюджетіне жыл сайын қосымша 200 млрд теңгеге дейін қаржы әкеледі.

Мемлекеттік қаржыландыруды арттыру: Жеңілдікті санаттағы 11 млн азамат үшін мемлекет жарнасының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Бұл шара 2030 жылға қарай қаржыландыру көлемін 289 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бірыңғай медициналық қызметтер пакетін қалыптастыру: 2027 жылдан бастап мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті арасындағы нақты айырмашылықты белгілейтін бірыңғай пакет енгізіледі. Осылайша әрбір азамат мемлекет кепілдік беретін қызметтерді және сақтандыру есебінен көрсетілетін қызметтерді нақты біле алады.

Ана мен бала денсаулығын сақтау

2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Ана өлімі көрсеткіші 12%-ға төмендеп, тарихи минимумға жетті. Сондай-ақ неонаталдық өлім 20%-ға, сәби өлімі 11%-ға, ал бала өлімі 8%-ға азайды.

2024 жылы елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізілді: 71 жатырішілік (ұрыққа) операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Жаңа туған сәбилер хирургиясы да қарқынды дамуда – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында туа біткен даму ақаулары бар 600 нәрестеге ота жасалды.

Ауытқуларды ерте анықтау үшін елде тиімді инфрақұрылым қалыптастырылды – Бір күндік клиникалар, Ұрықты қорғау орталықтары ашылды. Балаларға туғаннан бастап төрт түрлі скрининг жүргізіледі: неонаталдық, аудиологиялық, психофизикалық және офтальмологиялық. Бұл жұмыс нәтижесін берді – туа біткен ақаулары бар балалар арасындағы бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді, ал жаңа туғандардың өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін артты.

Балаларға көрсетілетін көмекті жақсарту үшін әрбір АМСК ұйымында педиатриялық бөлімдер ұйымдастырылуда. ЮНИСЕФ қолдауымен емханаларда Балаларды дамыту және ерте араласу орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде осындай 100 орталық жұмыс істейді, онда дамуында қиындықтары бар балалар кешенді көмек алады. Балалар арасында аутизм диагнозы қойылғандар санының көбеюіне байланысты олардың реабилитациясына арналған төсек-орын саны 4 есеге артты.

Аналарды қолдау үшін алғаш рет әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар шалғай ауылдардағы әйелдер үшін жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала госпитализациялауға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылып жатыр.

Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту: 655 медициналық нысанның 538-і іске қосылды

Елімізде әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен қатар қоятын бірегей операциялар жасалуда. Жүрек пен өкпені трансплантациялау, сондай-ақ бүйректің үшжақты айқаспалы трансплантациясы сияқты аса күрделі операциялар жасалады. Қазақстан осындай операциялар орындалатын әлемдегі алты елдің қатарына кіреді.

Ми ауруларын емдеуде «Гамма-пышақ» технологиясы қолданылса, онкологиялық дерттерге қарсы заманауи протондық терапия енгізілуде.

Инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 нысанның 538-і салынды. 

Дереккөз: Primeminister.kz