Сауда министрі ет бағасына қатысты: тікелей бұйрық бере алмаймыз

Сурет: Kazinform

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде ет бағасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

- Бұл жерде екі фактор бар. Бірінші, бұған дейін атап өткенімдей, жаһандық мәселе. Бразилия, Аргентина сынды әлемдік ірі ойыншылар өнім көлемін өзгертіп отыр. Екінші фактор – бүгінде көрші мемлекеттерде ет бағасы бізге қарағанда әлдеқайда жоғары, соған байланысты баға ағыны жүріп жатыр, нарықта сұраныс жоғары. Біз осы динамиканы байқап, ішкі нарықты қамтамасыз ету шарасын қолға алдық, - деп жауап берді Арман Шаққалиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Осы орайда министр нарықтық экономикада өмір сүріп жатқанымызды еске салды. 

- Сондықтан баға бойынша тікелей бұйрық бере алмаймыз. Бірақ, қай жерде және қашан тауарлық интервенция жасау қажет екенін қарап отырамыз, бақылау дүрлікпені басу үшін қажет. Нарықта ет тұрақты, жеткілікті болады деп күту керек. Иә, баға әртүрлі, өйткені, таза ет, төс-жауырын тағы басқа бөлігі бар, - деп толықтырды ведомство басшысы.