«Сарыарқа» хоккей клубы туған күнін жанкүйерлерімен бірге атап өтпек

Қарағанды облысының әкімдігі

25 шілдеде «Сарыарқа» хоккей клубының құрылғанына 19 жыл толады. Айтулы күнге орай клуб барлық жанкүйерлерін мерекені бірге атап өтуге шақырады.

Мерекелік кеш жұма күні, 25 шілдеде, «Қарағанды-Арена» мұз сарайында (Республика даңғылы, 13) өтеді. Басталуы — сағат 19:30. Кіру — тегін. Кеш қонақтарына ересектер мен балаларға арналған мазмұнды әрі қызықты бағдарлама ұсынылады. Сонымен қатар клуб ойыншыларынан қолтаңба алуға мүмкіндік болады.

Жақында клуб алдағы маусымға арналған бапкерлік құрамын ресми түрде таныстырды. Баспасөз қызметінің мәліметінше, команданың сабақтастығы сақталған: негізгі мамандар өз жұмыстарын жалғастырады.

Бас бапкер қызметін — Владимир Князев, оның көмекшісі — Виктор Буяльский атқарады. Физикалық дайындық жаттықтырушысы — Дмитрий Главюк, қақпашылар бапкері — Макар Кармалин. Жаттықтырушылар құрамына жаңадан қосылған маман — бейнеаналитик Евгений Ермаков.

Айта кетейік, өткен маусымда «Сарыарқа» Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, қола жүлде жеңіп алған болатын.

Клубтың құру туралы шешім 2006 жылғы 25 шілдеде Қарағанды облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен қабылданған. Өзінің алғашқы маусымында команда Ресейдің Бірінші лигасы аясында ұйымдастырылған Ашық бүкілресейлік чемпионатқа («Сібір — Қиыр Шығыс» дивизионы) қатысып, үшінші орынға ие болды. Қазақстан чемпионатында «Сарыарқа» сол жылы төртінші орыннан көрінді.

Бүгінде «Сарыарқа» — Қарағандының спорттық брендіне айналған клуб. Өз тарихында түрлі турнирлерде биік нәтижелерге қол жеткізген ұжым жыл сайын жанкүйерлерін жаңа жеңістерімен қуантып келеді.