Теміртаулық кәсіпкер Наталья Воротынская «Креативті инклюзия» жобасымен республикалық байқауда жеңіске жетіп, шағын мемлекеттік гранттың иегері атанды. Алынған миллион теңгеге ол ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін киіз басу және ұсақ моншақ тоқу курстарын ұйымдастырады.
Наталья Воротынская – «Шебер-Теміртау» әлеуметтік қолөнер орталығының негізін қалаушы. Ол мүгедектерді оқытуды 2016 жылы бастаған болатын.
– Мен өзім киіз басу шеберімін. 2016 жылы мені Жұмыспен қамту орталығынан курстар жүргізуге шақырды және 90% көру қабілеті бұзылған адамдардан тұратын арнайы топты жинады. Мен үшін бұл алғашқы осындай тәжірибе болды, қиындықтар да болды. Бірақ мұның бәрі нәтиже берді: мен ерекше мұқтаждығы бар адамдардың сапалы кәдесый қолөнер өнімдерін жасауы мүмкін екенін дәлелдедім. Біз Қазақстанда танымал бола бастадық. 2019 жылы біздің орталық "Қазақстанның үздік тауары" байқауында "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" сертификатын алды, – деді Наталья.
Қолөнер шебері «Креативті инклюзия» жобасын дайындады, оған сәйкес гранттық қаражатқа он мүгедек адамды қолөнерге ғана емес, өз тауарын таныстырып, сатуға да үйретеді.
– Гранттық қаражат киіз басуға арналған материалдарды сатып алу үшін қажет. Олар өте қымбат. Сонымен қатар, тауарды таныстыру мәселесі әрқашан өзекті. Жәрмеңкелер ұйымдастыру, оған арналған құрал-жабдықтар табу оңай емес. Гранттық қаражат оны шешуге көмектеседі. Оларға мен 10 үстел, дастархан, орындықтар сатып аламын. Яғни, жәрмеңкенің барлық жабдықтары 10 адамға арналған, – дейді Наталья.
Сондай-ақ, оның курсында тыңдаушыларға киіз басудан басқа, ұсақ моншақ тоқуды, шам жасауды және сабын пісіруді, әлеуметтік желілер жүргізуді және өз өнімдерін ілгерілетуді үйретеді. Натальяның айтуынша, ол қолөнер ерекше қажеттіліктері бар адамдарға өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға ғана емес, қосымша табыс көзіне қол жеткізуге де көмектескен көптеген мысалдар бар.
Осылайша, әлеуметтік жоба бірден бірнеше ортақ міндеттерді шешеді – мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамға кірігуге және оның белсенді мүшесі болуға көмектесу.
Қарағанды облысынан шағын гранттармен барлығы бес жоба белгіленді.