2026 жылдан бастап Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енеді

Qazaqstan.tv

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.

Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз.

Корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады, алайда банктер мен ойын бизнесі үшін ол 25% болады. Әлеуметтік ұйымдар үшін 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% мөлшерлеме белгіленеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% жеңілдетілген салық қолданылады.

Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі: жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар мен 230 мың АЕК-тен көп табыс тапқан кәсіпкерлер 15% салық төлейді. Фермерлерге 70% жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5% мөлшерлеме қолданылады.

Қымбат мүлік пен өнімдерге 10% акциз салығы салынады: 75 млн теңгеден қымбат көлік, 100 млн теңгеден асатын кеме, әр литрі 500 мың теңге тұратын алкоголь және бір данасы 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдері.

Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық дивиденттерге салық жеңілдігі сақталады, ал «Бәйтерек» холдингі шығарған құнды қағаздар 2031 жылға дейін салықтан босатылады. Пайдалы қазбалар саласында тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға салықтан босатылады.

Салық әкімшілендіру де жеңілдетіледі: камералдық бақылау ескерту сипатында болады, берешек аз болса, есепшоттар бұғатталмайды, төлемдерді бөліп төлеу жеңілдейді.

Жаңа Кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.