Елде мұнай мен газ өндіру қарқыны артты

Фото: pixabay.com

Қазақстанда мұнай мен газ өндіру қарқыны артып келеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. 

Ведомство басшысы биылғы қаңтар-маусым айларындағы отын-энергетикалық кешенінің жағдайы туралы есеп берді. 

Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 49,9 млн тоннаны немесе былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,6%-ды құрады. Биыл жыл қорытындысы бойынша мұнайды өндіру 96,2 млн тонна деңгейінде күтілуде, - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы мұнай экспортына ерекше тоқталды.

Есепті кезеңде мұнай экспорты 39,6 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,9%-ды құрады. Ағымдағы жылғы қорытындысы бойынша мұнай экспорты 70,5 млн тонна деңгейінде күтілуде. Газ саласы туралы тоқталсақ, есепті кезеңде 34,6 млрд м3 газ өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,6%-ды құрады, - деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетерлігі, есепті кезеңде ел аумағында газ транзитінің көлемі 35,7 млрд м3 құраған. Сондай-ақ қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша шамамен 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді.

Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 382 мың тоннаны, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,5% құрады. 62,2 млрд кВтсағат электр энергиясы өндірілді.   

6 айда жаңартылатын энергия көздері объектілерінен электр энергиясын өндіру 4,2 млрд кВтсағатты, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2%-ды құрады, - деді ведомство басшысы.