Пәкістандық әке қызының TikTok аккаунты үшін оны атып өлтірді

Фото: AFP

Пәкістан полициясы 11 шілдеде ер адамның өз қызын TikTok-тағы парақшасын өшірмегені үшін атып өлтіргенін мәлімдеді. Қайғылы оқиға Исламабадқа жақын орналасқан Равалпинди қаласында болған. Қыз небәрі 16 жаста еді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның айтуынша, әкесі қызына TikTok-ты өшіруді бұйырған. Қыз көнбеген соң, ол ашуға мініп, қызына оқ атқан. Қыз сол жерде көз жұмған. Кейін әкесі ұсталып, қамауға алынды. Алғашында отбасы бұл жағдайды "өзіне қол жұмсады" деп көрсетуге тырысқан.

Пәкістан мұсылмандар көп тұратын ел. Мұнда кейбір отбасыларда қыздарға қатаң тәртіп қойылады. Қоғамда да, интернетте де "әдепті" болу талап етіледі. Қыздар бұл ережені бұзса, өз отбасынан қысым көруі мүмкін.

Айта кетейік, TikTok Пәкістанда өте танымал. Әсіресе оқу-жазуы қиын адамдар үшін бұл қосымша қолжетімді. Әйелдер үшін TikTok табыс табуға және өз аудиториясын жасайтын алаңға айналған. Алайда елде ерлердің 58 пайызы смартфон қолданса, әйелдердің небәрі 30%-ы ғана қолданады. TikTok-тағы ашық видеолар мен ЛГБТ тақырыптарына байланысты Пәкістан билігі бұл қосымшаны бірнеше рет жабуға тырысқан.