Маңғыстауда сұйытылған газ және метанол зауыттары салынады

Фото: DALL-E

Маңғыстау облысында сұйытылған табиғи газ (СТГ) және метанол өндіретін екі ірі зауыт салынады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Жалпы қуаттылығы жылына 245 мың тонна болатын жобалар жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

"Condor Energies" компаниясының басқарушы директоры және "Qazaq LNG" ЖШС бас директоры Норман Сторм алғашқы зауытты Қарақия ауданындағы Құрық порты маңында салу жоспарланып отырғанын айтты.

"Сұйытылған газ зауытының жобалық қуаты жылына 145 мың тонна, ал ауданы – 16 гектар. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылуы тиіс. Құрылыс кезеңінде 300 адам жұмыспен қамтылады, пайдалануға берілгеннен кейін 100 тұрақты жұмыс орны пайда болады", – деп хабарлады әкімдік.

Екінші зауыт 2027 жылы ашылады деп жоспарланған. Оның қуаттылығы – жылына 100 мың тонна. Құрылыс 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Метанол химия және отын өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.  Шикізат, отын және пластмасса өндірісіне керек.

Condor Energies Қазақстанда 2006 жылдан бері жұмыс істейді және қазір Орталық Азиядағы алғашқы сұйытылған газ өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр.