Қарағанды облысында мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындары ашылуда

Gov.kz

Биыл Қарағанды облысында 13 арнайы жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналасқандардың арасында есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар бар.

Қарағандылық Найман Жақсыгорин «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігіне ерекше балаларға арналған үстел ойындары бойынша нұсқаушы болып жұмысқа орналасқар.

Найман мүгедектер арбасының көмегімен қозғалады. Жаңа қызметкерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін «АСЕТ инклюзив» үй-жайды пандуспен, тұтқалармен, арнайы жиһазбен жабдықтады.

– Мен арбамен жүретін мүгедекпін, бірақ қолым мен басым жұмыс істейді. Мен өз дағдымды пайдалана алатын жұмыс іздедім. Еңбек ұтқырлығы орталығына жүгіндім. Онда маған «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде бос жұмыс орнын ұсынды. Мен келісіп, директормен әңгімелесуден өттім. Біз бұл жұмыс маған жарайды деген қорытындыға келдік, – деді Найман Жақсыгорин.

Тағы бір қарағандылық Алмас Мырзаханов есту қабілетінде күрделі проблемалары барына қарамастан, «АлтынПласт» компаниясында терезе монтаждаушысы болып жұмысқа орналасқан.

Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге мемлекет субсидиялар төлейді. Жалдаушыларға жаңа қызметкердің жұмыс орнына кіруіне қажетті пандустарды немесе өзге де жабдықтарды орнату шығындары өтеледі. Бұдан басқа, мемлекеттік субсидиялар ерекше мұқтаждықтары бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу шығындарын ішінара өтейді. Жұмыстың бірінші жылында мемлекет жалақының 70%-ын жабады, егер ол 30 АЕК-тен аспаса. Екінші жылы – 65% және үшінші жылы – 60%.

Қарағанды облысында өткен жылы 1318 мүгедек жұмысқа орналастырылды. Есту және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орны құрылды. Биыл да 13 арнайы жұмыс орны ашылды, соның ішінде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған жұмыс іздеушілер үшін де.