"Мазақ етіп, ызаландырды": Алматы облысында балаға шабуыл жасаған иттердің иесі өз нұсқасын айтты

Фото: Екатерина Бурмистрованың жеке архивінен

Алматы облысында 10 жасар балаға шабуыл жасаған иттердің иесі өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат егенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Оңалту орталығының директоры, иттердің иесі Алмаз Халиевтың сөзінше, оқиға болған күні бала иттерді өзі ашуландырған.

"Балалар орталықтың қоршауының жанында ойнап жүрген. Бір уақытта қоршауға көтеріліп, иттерді мазақ етіп, ызаландырды. Аулада бес айлық екі күшік болды. Үлкен иттер қоршауда отырды. Екі бала иттерді ашуландырды. Бір кезде баланы екіншісі күзетілетін аумаққа итеріп жіберді. Бізде балалардың аумаққа бара жатқаны түсірілген видео бар. Содан кейін олар көзге көрінбей, тек дауысы шығып жатты. Бала жерге құлап, айқайлай бастады. Екіншісі қашып кетті. Шамасы, ол көмекке адам шақырғысы келді", – дейді Халиев.

Халиевтің айтуынша, балаға күшіктер шабуыл жасаған.

"Бала жабық қақпадан өте алмай қалған. Оны баланы құтқарған адам ашты. Ол кісі баланы алып шығу үшін есікті ашып, ішке кірді. Ер адам аумаққа кіріп, екі күшікті сол жерде пышақтаған. Жалпы, олар дәрменсіз күшіктер. Ал ер адам болса оны пышақтап тастады. Енді ол кісі оқиғаның күзетілетін аумақтан тыс жерде болғанын айтып отыр. Иттер ешқашан аумақтан тыс жерде жүрген емес. Бұл жағдай сыртта емес, іште болды", – дейді орталық директоры.

Орталық директорының айтуынша, иттер мекеме аумағында тұрады және "белгілі бір дәрежеде" қауіпсіздік қызметін атқарады. Ол жануарларды ұстау ережелерін сақтайтынын және қоршауда бес жылдан бері "Абайлаңыз, зұлым иттер" деген белгі ілініп тұрғанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін итке таланған баланың анасы Екатерина Бурмистровамен хабарласқан едік. Ол ұлының жағдайы ауыр, беті мен денесі жараланған дейді. Иттердің оңалту орталығына тиесілі екені анықталды. Анасы барлық құжатты жинап, сотқа жүгінбек. Ұмтыл округінің әкімі мен полиция оқиғаны растады. Ит иелеріне айыппұл салынып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Балаға көмек көрсету үшін жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қаражат жинап жатыр.