Абай ауданының екі ауылында алғаш рет орталық су құбыры пайда болады

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында бұрын-соңды орталық сумен жабдықтауы болмаған ауылдарға су құбырлары тартылады. Осылайша Мемлекет басшысының әр үйге таза ауыз су тарту бойынша тапсырмасы жүзеге асырылады. Абай ауданында Ягодный және Садовое ауылдарын сумен жабдықтау бағдарламаның соңғы кезеңі болады, одан кейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен 100% қамтуға қол жеткізіледі.

Бұл ауылдардың тұрғындары осы уақытқа дейін құбыр бағаналарды пайдаланған немесе өз учаскелерінде ұңғымалар бұрғылаған.

-  Ягодныйда да, Садовоеда да 200-ден астам адам тұрады. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін әр үйге су тарту жобасы әзірленді. Оған магистральды желілер тарту, су айдайтын мұнаралы сорғы станцияларын орнату кіреді, - деді құрылыс бөлімінің бастығы Бахтияр Мырзалов.

Ягодныйда барлық желілер төселіп болды, енді іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысан 98% дайын, маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан кейін тұрғындар техникалық шарттарды алып, өз бетінше қосыла алады.

Садовоеда әзірге жұмыстар жартылай ғана жасалған -  4,2 км су құбырының 1,7-сі төселіп, 21 құдық орнатылған. Жұмысты толық аяқтау қыркүйек айына жоспарланған.

Ауыл тұрғындары орталықтандырылған су жүйесінің қосылуын асыға күтуде. Нина Павлющенко жарты ғасырға жуық Садовоеда тұрады және осы ауылдың көптеген тұрғындары сияқты әлі күнге дейін өз учаскесінде суды арнайы құрылғы арқылы алады.

-  Біз мұндай өзгерістерге өте қуаныштымыз. Өзіміздің су құбырымыз болса да, біресе сорғылар жанып кетеді, біресе басқа да ақаулар пайда болады. Енді үйге желілер қосылысымен біз бірден қосыламыз. Бұл тамаша ғой, - дейді Садовое тұрғыны.

Шағын елді мекендерде блокты-модульді су тазарту станциялары орнатылады. Жон, Тасзаимка, Восход, Суармалы және Пахотный ауылдарында жұмыстар жүргізілуде. Ұңғымалар дайын, станциялар құрастырылуда, жабдықтар шілде айында жеткізіледі деп күтілуде.

Осылайша, Абай ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы толық аяқталады.