Бота MИA есімімен танымал блогер Ақбота Нұрақын бұрынғы жігітінің тиран болғанын айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Желі жұлдызы “Taboo” бағдарламасында қонақ болып, жеке өмірінен сыр шертті.
“Менің жеке өмірім психикалық жарақаттарға толып тұр. Ол кезде 19-20 жаста едім. Өте қиын кезеңдер бастан өтті. Құрбыларыма айтсам, олар шок болады. Менің ара-қатынасым тек Асқармен (“Бір болайыққа” келген үміткер) ғана жақсы болды. Негізі, осы жерді психологиямен байланыстырғым келеді. Ата-анамның қарым-қатынасы қатты керемет болды. Мен олардың махаббаттарын көріп өстім деп айта алмаймын. Менің басымнан да сондай жағдай өтті. Тіпті, бір жігіт болды. Мені балтамен ұрып өлтіріп, суға ағызып кетпек болған. Ол кезде Талғар қаласында биден сабақ беремін. Жұмыстан шығып тұрсам, қара көлік тоқтады. Ішінен жігітім шықты. Маған қарай ұмтылып, балғаны сермеді. Досы ұстап қалды. Содан күштеп көлікке отырғызып, Талғардың сыртында ағып жатқан өзенге әкелді. Мен бәріне дайын едім. Қашып құтыла алмайтынымды білдім. Балтаның астында қалғанша, өзенге ағып кетейін деп ойладым. Бірақ досы сөйлесіп, одан кейін жағдайы қиын болатынын түсіндіріп, сабырға шақырды. Солай бір өлімнен аман қалғанмын. Ол кезде жасым 19-да еді”, – деді блогер.
Желі жұлдызының сөзінше, тиран жігіті кешірім сұрап, іс-әрекетіне өкінетінін жеткізген. Тіпті, полиция шақырған кездері де болған.
“Ондай жігіттерден тез құтыла алмайсың. Сол жағдайдан кейін кешірім сұрап келді. Тізерлеп тұрып, кешірім сұраған кездері де болды. Мен әр келген сайын полиция шақырамын деп қорқыттым. Тіпті, сол кезде менің жүрегім жұмсақ болған. “Маған келе берме, әйтпесе қамалып кетесің” деп ескертіп отырдым. Бір күні тыңдамағасын ГАИ қызметкері келіп алып кетті. Екінші рет мазаңызды алатын болса, қамап тастаймыз деді. Содан кейін мен көпке дейін жігіттермен сөйлеспей жүрдім. Қатты қорқып қалдым”, – деді желі жұлдызы.