Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласының әуежайында үш қазақстандықтың үстіне жарнама тақтасы құлап кетті. Оқиға Астана бағытындағы рейске отырғызу кезінде болған. Салдарынан бір адам көз жұмып, екеуі жарақат алды, деп хабарлайды ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақпаратты елдің сыртқы істер министрлігі растады.
“Кеше Шарм-эш-Шейх әуежайында рейсті күту аймағында жарнама тақтасы құлап кетті. Салдарынан Қазақстан азаматы көз жұмды, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақаттар алды. Марқұмның туыстарымен байланыс орнатылды, елші барлық сұрақ бойынша көмектесіп жатыр. Зардап шеккен әйелдерге қажет медициналық көмек көрсетілді, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – делінген хабарламада.
Египет тарапы болған жағдайға байланысты көңіл айтқан. Египеттің азаматтық авиация министрі жағдайды өз бақылауына алып, оқиға орнына комиссия жіберген. Қазір тергеу жүріп жатыр.