Атырауда бір топ жасөспірім екі оқушыны қара жұмыс істемегені үшін соққыға жыққан

Фото: видео скрин

Атырауда бір топ адам екі жасөспірімді соққыға жығып, олардың денсаулығына қасақана зақым келтірген. Барлық күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Еркінқала ауылдық округінде болған.

Бірнеше жасөспірім сегізінші сынып оқушыларын аяусыз соққыға жыққан. Себебі олар сабақтан кейін қара жұмыс істеуден бас тартқан. Жасөспірімдерді ауылдағы қаңырап қалған ғимаратта таяқпен соққыға жыққан.

“Кәмелетке толмаған екі баланың денсаулығына қасақана зиян келтіруге қатысы бар барлық күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың өздері кәмелетке толмағандықтан, жауап алу заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін қосымша ақпарат жариялауға жатпайды”, – делінген хабарламада.

Жәбірленушілерге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау басталды.