"Ұнамаған букеттен құтылу үшін": Қазақстандық арулар 14 ақпаннан кейін қолданылған гүл шоқтарын сатылымға қойған

Фото: stan.kz

14 ақпаннан кейін қазақстандық қыз-келіншектер OLX платформасында қолданылған гүл шоқтарын жаппай сата бастады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Метрлік қызыл раушандар мен аю ойыншықтары бар гүл шоғы – 20 000 теңгеден сатылып жатыр.

Қазақстанда ғашықтар күні – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні 15 сәуірде атап өтілгенімен, көптеген жұп дәстүрлі түрде 14 ақпанда да бір-бірін құттықтайды. Бұл күннің басты атрибуттары – валентинкалар, кәмпиттер, жұмсақ ойыншықтар және гүлдер.

Алайда кейбір қыздар бірнеше жігіттен қатарынан гүл алып, ұнамаған букеттен құтылу үшін оларды сатуды жөн көрген. Енді бірі лақтырып тастамай, құрбыларына бермей, осылай істеуді ойлаған. Гүлдерді сатылымға қойған қыздардың көбі Алматы, Семей, Ақтөбе және Астана қаласынан болып шықты.

14 ақпан кешінен бастап OLX платформасында гүл шоқтарын сатуға арналған хабарландырулар пайда болды.

  • 51 ақ раушан – 17 000 теңге. Дүкен бағасы – 40 000 теңгеден басталады. Себебі, бір раушан гүлінің құны 800 теңгеден кем емес, ал көбінесе 1300-1500 теңге аралығында.
  • 25-30 қызғылт раушаннан және эвкалипт бұтақтарынан жасалған гүл шоғы – 12 000 және 15 000 теңге. Дүкендегі бағасы – 30 000 теңгеден жоғары.
  • Метрлік қызыл раушандар мен аю ойыншықтары бар гүл шоғы – 20 000 теңге.