Талғарда кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов босап шықты, - деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Қаржаубай Нұрымовтың Қазақстан халқына үндеу жасаған видеосы тарады.
Оны 10 желтоқсанда полиция ұстап, соттың шешімі бойынша 15 күнге қамауға алынған еді. Ол "Ұсақ бұзақылық жасады" деп айыпталған, қазір отбасының жанында.
"Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі! Аллаға шүкір, үйдеміз. Қолдауларыңызға көп рақмет! Бәрі жақсы, бала-шағаның жанындамыз. Қорқатын ештеңе де жоқ", - деді ол.
Еске салайық, Шерзат Полаттың әкесі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі) қамауға алынған еді. Полицейлердің айтуынша, ол қоғамдық орында балағат сөздер айтқан, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасаған және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасаған. Мұның бәрі Қаржаубай Нұрымовтың інісінің жерлеу рәсімінде болған.